Жәңгір хан университетінде «Толық адам» тұжырымдамасы аясында көрнекті мемлекет қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жайықты жаңғыртқан дарабоз тұлға» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Индустриалды-технологиялық институтта ұйымдастырылған шараға шақырылған қонақтар, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Кездесуді университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін жүргізді.
Тағылымды кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділда Ораз, еңбек ардагері, «Зерде-Память» қоғамдық қорының төрағасы Қуанышбай Төлебаев пен М. Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов және профессор Марат Оңаев қатысты.
Қонақтар қайраткердің өңірді өркендетудегі еңбегіне тоқталып, өмірі мен қызметі туралы тарихи деректермен әрі естеліктермен бөлісті.
– Мұстақым Ықсановтың еңбек жолы бір өңірмен шектелген жоқ. Ол Қазақстанның бірнеше аймағында еңбек етті. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. 1963 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Сол кезеңде Сыр өңірі үшін күріш шаруашылығын өркендету, суармалы алқаптарды кеңейту және ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды мәселелер болатын, – деді БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділда Ораз.
Кездесу барысында Мұстақым Біләлұлының университеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, студенттерге қолайлы жағдай жасау жолындағы қамқорлығы айтылды. Тағылымды шара жастарға ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмірі мен мол мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Айта өтелік, мемлекет қайраткері Ақ Жайық өңірін түлетумен қатар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (ол кезде Ауыл шаруашылығы институты) қалыптасуы мен дамуына мол еңбек сіңірді. Қазақстанның батыс өңірінен келген жастардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында қала шетінен Студенттер қалашығы салынды. Ол құрылыс барысын қадағалап, студенттерге арналған 800 орындық акт залын салу үшін мамандарды Мәскеу қаласынан алдырды.
2016 жылы университетте Мұстақым Ықсанов атындағы дәрісхана ашылып, атаулы шәкіртақы тағайындалды. Аталған шәкіртақының алғашқы иегері машина жасау факультетінің ІV курс студенті Жалғас Ұзақбаев болды.
Сондай-ақ ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, республика мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты. Оның басшылығымен ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым салаларының дамуына серпін берілді.

